1986 ЖЫЛҒЫ ЖЕЛТОҚСАН УАҚИҒАСЫ

Çağlar Erbek
0
Murtaza Jünüsulu

1986 жылғы Желтоқсан уақиғасы болғанда мен Анкарада әке-шешемнің қасында тұрушы едім, техникумның соңғы курсында оқып жатқам. Ол кезде Совет Одағының бар кезі, әлі Қазақстанға келіп көрмеген едім, дегенмен Алматыдағы "Отан" қоғамымен хат алмасып, қазақша кітаптар алып тұрушы едім. Кеңес Одағының ішінде не болып жатқаны біздерге құпия еді, ешбір мәлімет жоқ, ол кезде барыс-келіс те жоқтың қасы, ілуде біреу болмаса еркін араласу мүмкіндігі жоқ болатұғын. Біздің үйде әкем "қарабазардан" алған Польшада жасалған "Моника" маркалы трансисторлы бір кішкентай радио бар еді, сол радионың қысқа толқынын олай бір шұқылап, былай бір шұқылап, әйтеуір күндіз кешке қазақша сөйлейтін бір радио іздеймін де тұрамын.

Түркияның орналасу орнына қарай көбінесе арабша, парсыша және еуропа тілдерінің радио хабарлары шығады, ал кешке және таң ата еміс еміс қазақша хабарлар бірде естіліп, бірде жоғалып тұрады. Дәл Қазақстаннан сыртқа қазақша хабар тарататын радио таба алмадым, мүмкін біз пақырдың радиосы осал болған шығар. Ал Германия және Италия жақтан-ау деймін, қазақша хабар тарататын христиан миссионерлерінің радиосы сол кездің өзінде бар еді. Қытайдағы қазақ ағайындардың радиосы кейде ұсталып қалады, бірақ жақсы естілмейді. Әйтеуір, қазақша бір нәрсе естіле қалса, жүрегім толқып, марқұм әкеме дауыстап, "қазақша таптым!" деп айғайлаушы едім.

Ол кезде Қазақстандағы ахуал туралы мәліметті Американың "Азаттық" радиосынан алушы едік, олар өз дерек көздерінен ықшамдап жеткізіп тұратын, бірақ мына менің жаман радиом сол Азаттықтың өзің маңдытып алмайтын. Желтоқсан уақиғасы болғанын мен осы Азаттық радиосы арқылы білдім. Бір қызығы Совет Одағы осы дүмпуді жауып, жасырған жоқ сияқты. Анығын қазір білмеймін бірақ дәл осы Желтоқсан уақиғасы туралы шетке мәлімет таратуға белгілі мөлшерде рұқсат етілген сияқты, әйтпесе қайдан естуші едік?!?

Анкарада 4 миллион халық тұрғанымен ондағы қазақтың саны он түтінге де жетпейтін. Аз тұрғандықтан біздің ұлттық санамыз да, сезіміміз де күшті қалыптасқан еді. Бір аулада қаздай қатар онлаласқан оншақты қазақ өз ішімізде араласып, салт-дәстүрімізді ұстанып, үлкен кісілердің әңгімелерін естіп, елге деген ерекше бір сағыныш сезімімен өскен едік. Қазақстанға барып көрмесек те әйтеуір Қонаев деген қазақтың бар екенін мен сонау кішкентай кезімде әкемнің аузынан естігем, ол кісі де хабары бар адамдардан, барып-келгендерден естіген болар, Алматыдан келіп тұратын "Біздің отан" газетінен оқушы едік. Сондықтан, Алматыда осындай жастар көтерілген екен, көп адам қырылған екен дегенді естіп, мен әрі сәрі күй кешкенім есімде, әйтеуір не істесем де осы мәліметті Түркия жұртшылығына жеткізуім керек деп өзіме тапсырма бердім.

Алматыда менің құрбыларым, аға-бауырларым көтеріліп жатса, қазақтың жастары қыстың аязында қырылып жатса мен қалай шыдап отыра аламын?!? Сондықтан, "Азаттық" радиосын үздіксіз тыңдай бердім. Ол кезде қазіргідей жариялылық жоқ қой, интернет, сотовый телефон дегендер тіпті жоқ. Ақпарат көздері шектеулі еді. Батыс тілдерінде шығатын басылымдарды оқу үшін Анкарадағы "Британия кеңесінің" кітапханасына, АҚШ елшілігіне қарасты Американ мәдениеті үйінің кітапханасына барып, шетел басылымдарын шолып шықтым. Ол кезде мен әлеуметтік уақиғаларға жиі араласып, жиыннан жиынға, көрмеден көрмеге, отырыстан отырысқа шауып жүрген белсенді едім. Анкарадағы "Түрік ошақтары", "Зафар" журналы, түріктің мәдениет министрлігінің фольклор зерттеу орталығы, түрік мәдениетін зерттеу институты т.б.б ұйымдардың жиналыстарына, конференцияларына жиі қатысып тұрушы едім, ептеп мақала жазып, осы ұйымдардың басылымдарына беріп жүргем. Әсіресе, қазақтың ұлттық мәдениеті,тағамдары, қымыз бен шұбат туралы мақалалар жазғанмын, сонымен қатар екі томдық Қазақ-Совет поэзиясының антологиясы атты жинақтан Олжас Сүлйеменовтың, Қадір Мырзалиевтің, Әбділдә Тәжібаевтың кейбір өлеңдерін түрікше аударғам, Міржақып Дулатұлының "Оян қазақ" өлеңінің атымен аталған кітабының қайта басылуына көмектескем, айта берсек біраз шараларға қатысып, түріктің зиялы ортасымен, баспасөзімен ептеп танысып, орта жасап алған кезім.

Желтоқсан уақиғасы туралы бірнеше күн мәлімет жинап болған соң сол кезде дүркіреп тұрған 'Türkiye' газетінің (ол қазір де бар) Анкарадағы кеңсесіне бардым. Кеңсе басшысы белгілі журналист Салих Гүней деген ағай еді, бұл газет түрікшілдік идеясына жақын, мұсылманшылығы да бар газет болатын, сондықтан соларға бардым. Салих ағайға болған жағдайды айттым, жинаған деректерімді бердім, осыны газеттеріңізде мақала етіп шығарайық деп ұсыныс айттым. Ол кісі бірден қолдады, екеуіміз отырып газеттің толық бір бетін алатын үлкен мақала етіп ертеңіне шығардық. Осы мақалада Желтоқсан уақиғасы, оның неліктен болғандығы, жапа шеккен жастар туралы айта келіп, Совет Одағының қазақтарға жасап жатқан зомбылығын тоқтатуын талап еттік. Әрине, қазіргі адамдарға бұл сәл түсініксіздеу болып көрінуі де мүмкін, ол үшін дәл сол жылдарды және сол уақыттағы саяси ахуалды, халықаралық гео-саясатты, шеттегі біздердің эмоциялық әлемімізді түсіну керек шығар. Мақала газетте шыққан соң бір парызымды өтегендей болдым, бірақ жүздеген жастар қырылып жатыр, олардың ұзын саны бірнеше мың адамға жетуі мүмкін дегендей ақпараттарды естіген сайын мазам кетіп, жан тынышын таппағаным да рас...

Желтоқсан уақиғасының әлі ашылар жақтары алдағы уақыттың еншісінде болар. Бұл уақиға қалай басталды, себеп-салдары және жапа шеккен адамдардың толық мәліметі бірте-бірте айқындала түспек. Ендіге осындай уақиғаны көрмесек екен, жастарымыз аман болса екен, азаттығымыз мәңгілікке ұласса екен деп тілейік. Совет Одағының көпке ұзамай құрдымға кетуі және оның тарқағаны туралы үндеудің араға 5 жыл салып 1991-жылдың желтоқсан айында тағы да осы Алматыда қабылдануы мені талай тебіренткен. Әйтеуір, жазықсыз жазым болған жастардың қаны далаға кеткен жоқ, Қазақстан тәуелсіз елге айналды, шеттен ағайындар келді. Көрер қызығымыз алда болсын деп тілеймін! Тәуелсіздігіміз баянды болсын ағайын!

Yorum Gönder

0 Yorumlar
Yorum Gönder (0)
To Top